11/06/2022
Үш-ақ ауыз сөз!
⠀
Бүгінгі жазбамды тыйым сөздерге арнауды жөн көрдім. Қазақ ұғымында тыйым сөздерді тәрбиенің бір құралы ретінде пайдаланған. Есі кірген балаларды жаман әдеттен, жат пиғылдан, орынсыз қылық пен теріс мінезден сақтауда маңызы зор болған. Жалпы қазақ баласын «ұят болады, жаман болады, обал болады» деген үш-ақ ауыз сөзбенен тәрбиелеген. Тыйымдар осы үш сөзге негізделген. Тыйымдардың алғысы болған осы үш сөзге тоқталып өтсек.
⠀
Ұят болады – Ұят адам бойындағы асыл қасиет. Ол адамды жамандықтан, жағымсыз істерден, бәле-жаладан сақтайды. «Ұятсыз» деген ауыр сөзді естіртпеудің қамын жеген ата-бабаларымыз: «Өлімнен ұят күшті», «Жаным – арымның садағасы» деп ұят, ар-намысты жігерлендіріп, «Ұяты жоқтың иманы жоқ», «Ұятын жоғалтқан адам – адам емес» деген сөздермен сынап тастап отырған.
⠀
Жаман болады – бұл барлық тыйымдарда қолданылады. Бала кезімізде көп естіген сөзіміздің бірі. Мысалы: «Шашыңды жайма», «саусақпен адамдарды санама», «сұқ саусағыңды көрсетпе», «түнде түсіңді айтпа немесе тырнағыңды алма», «жолға кір су, күл төкпе», «үйге қарап жүкірме» деген сөздердің барлығына «жаман болады!» деп жауап береді. Жаман болады-ның астарында теріс іс екенін ескертіп, тек жақсылық жаса деген секілді үлкен тәрбиелік тағылым жатыр.
⠀
Обал болады – бала кезімізде үлкендеріміз «Обал болады, тиіспе!» десе болды, кез келген бұзықтығымызды тыя қоятынбыз. Өйткені бұл сөздің ішінде «Судың да сұрауы бар», «малды теппе», «ақты төкпе», «құстың жұмыртқасын сындырма», «қарлығаштың ұясын бұзба», «суға дәрет сындырма», «нан қиқымын шашпа» деген қоршаған ортаға асқан мейірімділікпен қарауға үйрететін құндылықтар көп. Әр нәрсенің сұрауы бар, саған жай бір нәрсе басқа біреуге қолы жетпес дүние болуы мүмкін дегенді білдірсе керек.
⠀
Қазір енді өз балаларыма осы үш сөзбен тәрбие беріп келем. Сіздер қаншалықты қолданасыздар?
⠀
Құрметпен, Сара.sara
+7 775 444 0977
⠀
Пост на русском языке читайте в карусели 👉